Жетісу облысындағы Кино күндерін «Капитан Байтасов» фильмі ашты
2026-05-01 12:51
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Қазақстан өңірлерінде, оның ішінде шалғай елді мекендерде қазақ киносының онкүндігін жалғастыруда. Бүгін Кино күндері Жетісу облысында өңірлік мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен басталды.
Онкүндіктің ашылуы аясында Талдықорған қаласының Мәдениет сарайында «Капитан Байтасов» фильмінің көрсетілімі өтті. Картина Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілген. Еске сала кетейік, шынайы оқиғаларға негізделген фильм өз өмірін құрбан ете тұра жанкештіні тоқтатып, оқиғалардың ортасында қалған қаланың ондаған бейбіт тұрғындарының өмірін сақтап қалған полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігін баяндайды.
«Кино күндері өңірлердің мәдени өмірінде берік орнығып, игі дәстүрге айналды.Екі жыл ішінде бұл бастама ел бойынша 2 миллионнан астам көрерменді қамтыды. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдауымен жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат – заманауи қазақстандық фильмдерді әр өңірдегі көрерменге қолжетімді ету. Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні сияқты маңызды мерекелер қарсаңында бұл көрсетілімнің мәні арта түседі. Әрбір облыс тұрғыны отандық кинематографияның үздік туындыларымен танысуға мүмкіндік алуы маңызды», – деп атап өтті Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.
Кино күндері көрермендерге Министрлік тапсырысы бойынша түсірілген Ұлттық кино орталығының фильмдерін көруге мүмкіндік береді. Олардың қатарында прокаттағы рекордсмен – «Qaitadan» фильмі, сондай-ақ «Дос-Мұқасан», «Шулама», «Граждане крыши» және басқа да туындылар бар. Сонымен қатар кинотеатрлық прокатқа шыққан «Пряники для её отца, моего прадеда, её деда» деректі фильмі де ұсынылады.