Жаңалықтар

Ақтауда «ҚОРҚЫТ АТА» кинофестивалі аясында түркі әлемі киносаммиті өтті

2025-10-02 17:28
2 қазан күні Ақтау қаласындағы Достық үйінде халықаралық «Қорқыт ата» кинофестивалі аясында Түркі әлемі киносаммиті ұйымдастырылды. Іс-шараның басты тақырыбы – «Түркі әлемі және кино: ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері».

Саммиттің өтуіне ұйытқы болған – еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы,Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) және де Маңғыстау облысының әкімдігі.

Киносаммит - мемлекеттік органдар, ұлттық киноорталықтар, сарапшылар мен кинематографистердің басын бір алаңға біріктірді. Шара барысында кино саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі мәселелері, халықаралық копродукцияның болашағы мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері, сондай-ақ кино өнері арқылы мәдени байланыстарды тереңдету жолдары қаралды.
Саммиттің алғашқы панелі түркі елдеріндегі кино саласындағы мемлекеттік саясатқа арналды. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали баяндама жасап, соңғы алты жылдағы орталықтың жүйелі жұмысының нәтижелерін ұсынды. Осы кезеңде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және орталықтың қолдауымен 119 киножоба жүзеге асырылды, оның ішінде жас режиссерлердің 34 дебюттік фильмі бар. Қазақстандық картиналар 300-ден астам халықаралық кинофестивальдерге қатысып, 177 жүлдеге ие болды. Бұл ұлттық кинематографияның сапасы мен сұранысының артып келе жатқанын айқын көрсетеді.

Құрманбек Жұмағали өз сөзінде түркі елдерімен ортақ киножобаларға, халықаралық инвестицияларға ашық екендігін жеткізді:

«Қазақстанның киноиндустриясы – заманауи технологияларды тарихи-мәдени мұрамен үйлестіре білетін сала. Біз үшін кино – тек өнер ғана емес, ұлттық бірегейлікті нығайтудың, халықаралық ынтымақтастықты тереңдетудің және жаңа экономикалық мүмкіндіктерді ашудың құралы. Біз бірлескен киножобаларға, жеке сектор мен халықаралық инвестицияларға әрдайым ашықпыз. Кино арқылы өзара түсіністікті күшейтіп, ортақ құндылықтарды қалыптастырып, болашаққа деген сенімді арттырамыз».
Бірінші панельде сонымен қатар Әзербайжан Республикасы Киноагенттігі бас директорының орынбасары Гурбан Примов ортақ кино нарық құрудың мүмкіндіктерін баяндап берсе, Қырғыз Республикасы Кинематография департаментінің халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы Нұргүл Молдошева Қырғызстан киноиндустриясын дамыту мен қолдау стратегиясын, оның ішінде мемлекеттік саясат пен халықаралық әріптестік мәселелерін ұсынды.

Екінші панель бірлескен киножобаларды қолдау және копродукцияға арналды. Өзбекстан Республикасы Кинематография агенттігінің төрағасы Шухрат Ризаев бірлескен өндірістердің ұлттық киноны ілгерілетуге ықпалы туралы баяндама жасады.
Киноның ұрпақтан ұрпаққа сақталып, жалғасатын қымбат рухани мұра ретіндегі маңызы жайында «Түрікменфильм» бірлестігі төрағасының орынбасары Сахьысалық Байрамов өз ойымен бөлісті. Панельдің қорытынды баяндамасында Түркия Республикасы Кинематография дирекциясының бас маманы Нихат Дегирменджи түрік киноиндустриясы мен түркі әлемі елдері арасындағы бірлескен өндірісті кеңейту мүмкіндіктерін баяндады.

Киносаммит – түркі әлемі елдерінің кинематография саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға және өзара әрекеттесудің жаңа форматтарын дамытуға ұмтылысын көрсеткен маңызды пікірталас алаңы болды.

Айта кетейік, «Қорқыт ата» фестивалі 4 қазанға дейін жалғасады. Байқау бағдарламасына қатысушы елдердің фильмдері енгізілген. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 4 қазанда өтеді. Қазылар алқасы «Үздік көркем фильм», «Үздік режиссер», «Үздік сценарий», «Үздік актриса» және «Үздік актер» номинациялары бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Бұдан бөлек, ТҮРКСОЙ-дың «Түркі мәдениетіне қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығы табысталады.