Жаңалықтар

Идеядан сапалы киноға дейін: 2026 жылғы байқау жеңімпаздарымен кездесу өтті

Астанада Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали мен Сараптама кеңесінің 2026 жылғы ашық конкурстық іріктеу жеңімпаздарымен кездесуі өтті. Кездесуде киножобаларды сапалы жүзеге асыруға қатысты маңызды мәселелер талқыланды.

Биыл мемлекеттік қолдауға ие болған жобалардың қатарында әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды қозғайтын көркем, деректі және анимациялық фильмдер бар. Олардың ішінде үш дебюттік жоба, сондай-ақ Франция және Сауд Арабиясымен бірлескен екі жоба бар. Бұл авторлардың кәсіби тұрғыда өсуіне, сонымен қатар кино саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді.

Құрманбек Жұмағали конкурстық іріктеуден өту - авторлық идеяны жүзеге асыруға берілген мүмкіндік қана емес, көрермен мен мемлекет алдындағы үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.

«Ең басты міндет — көрерменге сапалы кино ұсыну. Фильмнің алғашқы түсірілімінен бастап оны көрерменге жеткізуге дейінгі әр кезеңді, соның ішінде маркетинг пен дистрибуцияны, халықаралық кино нарығына шығу жолдарын алдын ала әрі жүйелі түрде жоспарлау қажет. Сонымен бірге әр туындыдан ұлттық болмысымыздың, мемлекеттік тіліміздің, отансүйгіштік пен мәдени мұрамызға деген құрметтің көрініс тапқаны маңызды», - деді Кино орталығының басшысы.

Кездесу барысында жобаларды жүзеге асыру мерзімдері мен қабылданған міндеттемелерді сақтау, сондай-ақ болашақ фильмдердің ілгерілету жұмыстарын алдын ала жоспарлау мәселелеріне де ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар Кино орталығы 2025 жылы өткізген республикалық «JARQYRA» кастингіне қатысқан жеңімпаздарды жаңа жобаларға тартудың маңыздылығы атап өтілді. Кастинг қорытындысы бойынша талантты актерлердің базасы қалыптастырылып, оларға Кино орталығының жаңа жобаларына қатысуға және шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік берілуде.

Кездесу жоба авторлары, сарапшылар мен Орталық өкілдері арасында ашық әрі нәтижелі диалог орнатуға мүмкіндік берді. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан ұсыныстар алып, фильмдерді одан әрі жүзеге асырудың нақты қадамдарын талқылады.
2026-10-08 14:39