«Күнес» атты отбасылық фэнтези фильмінің түсірілімі басталды
2026-07-03 14:53
Алматы облысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсіріліп жатқан «Күнес» атты толықметражды көркем фильмнің түсірілім кезеңі басталды.
Жоба 2025 жылғы питчинг жеңімпаздарының қатарына енген. Фильмнің түсірілім жұмыстарының басталуына орай режиссер, актерлер мен түсірілім тобының қатысуымен дәстүрлі тәрелке шағу рәсімі өтті.
Фильмнің сюжеті жадынан айырылып бара жатқан атасымен және әкесімен бірге сапарға шыққан 12 жастағы Сарманның оқиғасына негізделген. Жол үстіндегі күтпеген аялдама оны Күнес атты жұмбақ ауылға жетелейді. Бұл – әр жас кезеңіне өз сынағы дайындалған мифтік мекен. Атасына көмектесіп, өз сауалдарына жауап табу үшін Сарман есейу жолынан өтіп, жауапкершілікті сезінуді, өмірдегі айырылысудың заңдылығын қабылдауды және отбасы сүйіспеншілігі мен қолдауының шынайы құдіретін түсінуді үйренеді.
Фильмді кәсіби шығармашылық ұжым жүзеге асыруда. Картинаның режиссері – Айдын Сахаман, продюсері – Әлихан Төлембек. Туынды қазақ тілінде, отбасылық драма және фэнтези жанрында түсірілуде.
Түсірілім жұмыстары Алматы облысының көркем табиғат аясындағы ерекше локацияларында өтуде. Бұл орындар фильмнің көркемдік әлемін толықтырып, жұмбақ Күнес ауылының айрықша атмосферасын көрерменге әсерлі жеткізуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, 2026 жылдың басынан бері Кино орталығының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан 11 киножобаның тәрелке шағу рәсімі өтті. Әрбір жаңа жоба – отандық кино өндірісінің дамуына қосылған маңызды үлес әрі жуырда көрерменмен қауышатын жаңа оқиға.