Жаңалықтар

Алматыда «Талақ» фильмінің жабық көрсетілімі өтті

Режиссер Данияр Саламаттың туындысы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілген. Фильм 12 қыркүйектен бастап ел кинотеатрларына жол тартпақ.

Фильм жазушы Бейімбет Майлиннің әңгімелер желісімен түсірілген. XX ғасырдың 20-30 жылдарын суреттейтін туындыға ұжымдастырудың салдары, сол замандағы халықтың тұрмыс-тіршілігі мен әйелдің ауыр тағдыры арқау болған. Кинодағы басты рөлдерді қазақстандық белгілі актер Ерболат Әлқожа және жас актриса Амира Омарова сомдады.

«Бейімбеттің шығармаларынан әлі күнге дейін толықметрлі фильм түсірілмепті. Көрші қырғыздар Шыңғыс Айтматовтың барлық туындысын киноға айналдырды. Бір ғана «Ақ кемесі» өзбек елінде бір, өз елінде екі қайтара түсірілді. Біздің басты қасіретіміз өзіміздің классиктерді бағаламау, өзімізге мән бермеу болып тұр. Соның ішінен сүзіп, жауһарды іздеп табу кемшін. Мен Бейімбеттің басқа шығармаларын үңгіп қазып, ақтарып отырып, «Әже» және «Талақ» деген екі әңгімесіне ерекше қызықтым. Осы екі туындының басын қосып, сценарий жаздым», – дейді режиссер Данияр Саламат.

Биыл «Талақ» фильмі Шанхай халықаралық кинофестивалінде топ жарып, «Үздік фильм» номинациясын жеңіп алса, осы кинода басты рөлді сомдаған Амира Омарова үздік актриса деп танылған болатын.

Айта кетейік, халықаралық байқауға 105 ел мен аймақтан 3,7 мыңнан астам өтінім түскен. Іріктеу процесінің қорытындысы бойынша 29 ел мен аймақтан 50 фильм бес номинация бойынша «Алтын кубок» жүлдесін алу үшін таңдалды, оның 38-і әлемдік премьера болды. Шанхай халықаралық кинофестивалі 1993 жылдан бері өткізіліп келеді.