Жаңалықтар

Өзбекстанда «TIRIK TARIX» халықаралық кинофорумы өтті

Ташкент қаласында Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі жанындағы Кинематография агенттігі мен Өзбекстан кинематографистерінің шығармашылық одағының ұйымдастыруымен «TIRIK TARIX» халықаралық кинофорумы өтті.

Форум аясында тарихи фильмдердің көрсетілімдері, халықаралық шығармашылық кездесулер, конференциялар мен семинарлар, шеберлік сабақтары, сондай-ақ дөңгелек үстел өткізілді.

Іс-шараға Қазақстан, Ресей, Жапония, Түркия, Франция, АҚШ, Қытай, және басқа да елдерден белгілі кинорежиссерлер, продюсерлер мен киноиндустрия саласының мамандары қатысты. Мұндай жиындар сала мамандарына ынтымақтастықты арттыруға, тәжірибе алмасуға және кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали форум аясында арнайы баяндама жасап, мұндай жиын тарихи кино төңірегінде елдер мен шығармашылық ұжымдарды тоғыстыратын маңызды алаң екендігін атап өтті.

Бұл ретте әріптестеріме айтарым, «Tirik Tarix» сынды халықаралық алаңдар жобаларды таныстыруға, серіктестер табуға және тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Форум Еуразия құрлығындағы елдердің жобаларын халықаралық деңгейге шығуына жол көрсетеді. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы халықаралық бастамаларға, бірлескен жобалар мен жаңа идеяларға ашық. Біз мықты, мазмұнды және шынайы тарихи фильмдер жасау үшін инфрақұрылым, қаржыландыру тетіктері, сараптамалық қолдау және еліміздің кәсіби желісін ұсынуға дайынбыз» - деді Құрманбек Жұмағали.
Дөңгелек үстелге қатысушылар кино саласында ынтымақтастықты кеңейту жайын, бірлескен киножобалардың әлеуетін, ұлттық киноны халықаралық алаңдарда ілгерілету мәселелерін және гуманитарлық байланыстарды нығайтуды талқылады. Копродукцияға жағдай жасау, кәсіби тәжірибе алмасу және Орталық Азия елдерімен мәдени диалогты одан әрі дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«TIRIK TARIX» - заманауи кино тілін пайдалана отырып, ұлттық тарихты халықаралық деңгейде таныстыратын маңызды мәдени орта. Халықаралық форум барысында Өзбекстандағы жылдың ең беделді ұлттық кино сыйлығы саналатын «Олтин Хумо» жеңімпаздарын марапаттау салтанаты шарасы өткізілді. Бұған әр елден келген арнайы қонақтар, ресми тұлғалар және киноөнер саласының өкілдері қатысты.