Жаңалықтар

«Joqtau» фильмі Гонконгтағы фестивальға қатысады

Режиссер Аруан Анартайдың «Joqtau» дебюттік фильмі Гонконг кинофестиваліне қатысады. Көрсетілім 27 қазан мен 5 қарашада өтеді деп жоспарланған.

Роуд-муви жанрындағы фильмде қазақ даласына сапарға шыққан жандардың оқиғасы баяндалады. Басты рөлдерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрерменге «Қаш», «Патриоттар уақыты» фильмімен таныс Исбек Әбілмәжінов, атышулы «Дәстүр» фильмінде ойнаған Ермек Шынболатов сомдайды. «Joqtau» фильмі үшін композитор Санжар Бәйтереков қазақтың ұлттық аспабы – қобызбен инструменталды музыка жазды. Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілген.

Швейцарияда өткен Locarno Film Festival кинофестивалінде тұсауы кесілген фильмді киносыншылар жылы қабылдауда. Сондай-ақ, «Joqtau» фильмінің Оңтүстік Америкадағы премьерасы 2024 жылдың 30 қазанынан бастап Бразилияда өтетін Сан-Паулу халықаралық кинофестивалі аясында өтеді.
2024-10-22 10:03