Жаңалықтар

Кино орталығының жобасы Қазақстандағы кинотуризмнің дамуына серпін береді

2026-07-02 10:45
«Ботай. Ғайып ғалам» шытырман оқиғалы көркем фильмінің түсіріліміне таңдалған бірегей табиғи және тарихи орындар Қазақстандағы кинотуризмді дамытуға мол мүмкіндік береді. Фильм кең прокатқа шыққаннан кейін түсірілім өткен орындар тарихқа, мәдениетке және кино өнеріне қызығатын туристер үшін жаңа тартымды бағыттарға айналуы мүмкін.

Жобаның негізгі түсірілім алаңы – Солтүстік Қазақстан облысындағы әйгілі Ботай археологиялық қонысы. Дүниежүзілік маңызға ие бұл тарихи ескерткіште, ғылыми зерттеулерге сәйкес, шамамен алты мың жыл бұрын адамзат тарихындағы аса маңызды оқиғалардың бірі – жылқы алғаш рет қолға үйретілген. Түсірілім жұмыстары Ботай қонысында және оған іргелес тарихи-археологиялық аумақта жүргізілуде. Бұл фильм арқылы өңірдің бірегей табиғаты мен бай тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.

Алдағы картинаға белгілі қазақстандық актерлердің қатысуы көрермен қызығушылығын арттыра түсуіне ықпал етеді. Бірегей табиғи локациялар мен ауқымды түсірілім жұмыстарының үйлесімі болашақта фильм түсірілген орындар негізінде жаңа туристік маршруттардың қалыптасуына негіз болмақ.
Жуырда түсірілім алаңына «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ғазизов арнайы барып, шығармашылық топтың жұмысымен танысты. Сапар барысында ол фильм авторларымен әлемнің көптеген елдерінде өңірлердің туристік тартымдылығын арттырудың тиімді құралына айналған screen tourism – кинотуризмді Қазақстанда дамыту перспективаларын талқылады.

«Ботай. Ғайып ғалам» – отандық кино тарихында ежелгі Ботай мәдениетіне арналған алғашқы көркем фильм. Фильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілуде.