Жаңалықтар

Қазақстандық фильмдер Франциядағы Univerciné à l’Est фестивалінде көрсетіліп, марапаттарға ие болды

2026-02-10 17:00
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Әбіл» және «Алтын Адам» фильмдері 2026 жылғы 3–8 ақпан аралығында Францияның Нант қаласында өткен Univerciné à l’Est халықаралық кинофестивалінің бағдарламасында ұсынылды.

Univerciné à l’Est – Франциядағы тұрақты әрі беделді фестиваль алаңдарының бірі. Ол отыз жылдан астам уақыт бойы Еуразия аймағының кино өнерін жүйелі түрде таныстырып келеді. Фестиваль бағдарламасы авторлық, деректі және анимациялық фильмдерге бағытталған. Сонымен қатар, ол көрермендермен кездесулер, фильм авторларымен пікірталастар және білім беру форматтарымен толықтырылған терең әрі мазмұнды талқылау кеңістігі ретінде қалыптасқан.

Қазақстандық «Әбіл» фильмі фестивальдің басты оқиғаларының біріне айналып, бірден екі марапатқа ие болды. Картина қазылар алқасының шешімімен Prix du Jury жүлдесіне лайық деп танылып, сондай-ақ Univerciné à l’Est 2026 фестивалінің көрермендер жүлдесін (Prix du Public) иеленді.

Фильмнің режиссёры – Елзат Ескендир. Туындының сюжеті Кеңес Одағы ыдыраған кезеңдегі қазақ ауылында өрбиді. Фильм қоғамдағы ауқымды өзгерістер мен әлеуметтік трансформация жағдайындағы адамдар тағдырын баяндайды. Бұған дейін «Әбіл» халықаралық кинофестивальдерде де жоғары бағаланған. Атап айтқанда, Dhaka International Film Festival фестивалінде «Үздік операторлық жұмыс» және «Үздік актер» номинациялары бойынша марапаттарға ие болған. Фестиваль аясында режиссёр Елзат Ескендир қонақ ретінде қатысып, көрермендермен өткен ашық талқылауларға қатысты.
Қазақстандық анимация фестивальде режиссёр Турдыбек Майдан түсірген «Алтын Адам» фильмі арқылы ұсынылды. Картина Қазақстанның маңызды археологиялық және мәдени символдарының бірі саналатын Алтын адам бейнесінен шабыт алып жасалған. Фильм балалар мен жасөспірімдерге арналған Nantado отбасылық және білім беру бағдарламасы аясында көрсетілді.

Қазақстандық фильмдердің Univerciné à l’Est 2026 фестиваліне қатысуы және жетістіктері олардың халықаралық фестивальдік жолындағы маңызды кезеңдердің біріне айналып, еуропалық көрермендердің Қазақстанның заманауи киносына деген тұрақты қызығушылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.