Жаңалықтар

Қазақстан киносының жаңа есімдері: «JARQYRA» актерлері фильм түсірілімдеріне кірісті

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы «JARQYRA» республикалық кастингінің қорытындысы бойынша қалыптастырылған актерлік онлайн-базасын іске асырудың алғашқы нәтижелері туралы хабарлайды. Жоба қатысушылары қазірдің өзінде рөлдер алып, мемлекеттік қолдаумен жүзеге асырылып жатқан отандық киножобалардың түсірілімдеріне қатыса бастады.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бірлесіп ұйымдастырған ауқымды «JARQYRA» республикалық кастингі 15 қыркүйекте өтіп, елдің 19 қаласында бір уақытта ұйымдастырылды. Іріктеуге 18 жастан асқан 1000-нан астам адам қатысты — олардың қатарында облыс орталықтарының тұрғындары да, аудан өкілдері де бар. Жоба ұлттық киноны дамытудағы маңызды қадам болып, жаңа таланттарды іздеуге және қазақстандық актерлердің келешек буынын қалыптастыруға бағытталды.

Кастинг қорытындысы бойынша Орталықтың ресми сайтында орналастырылған актерлік онлайн-база құрылды. Бұл платформа продюсерлер мен кинокомпаниялар үшін тиімді құралға айналып, жаңа есімдерге қолжетімділікті арттырып, бүкіл ел бойынша кастинг мүмкіндіктерін кеңейтті.

База қатысушыларының бірі — Нұрхан Салауатов. Қазіргі уақытта ол «Ботай. Ғайып ғалам» фильмінің түсіріліміне қатысуда. Оның айтуынша, бұл тәжірибе кәсіби тұрғыда аса маңызды:

«Бұл мен үшін кино саласында өзімді көрсетуге үлкен мүмкіндік. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына осы салаға еніп, түсірілім алаңында тәжірибе жинауға жол ашқаны үшін алғыс айтамын. «JARQYRA» жобасы жаңа актерлер үшін шынымен де үлкен мүмкіндіктер береді», — деді ол.

Кино орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали «JARQYRA» кастингі бүгіннің өзінде тиімділігін көрсетіп отырғанын атап өтті: жоба қатысушылары кәсіби өсуге нақты мүмкіндік алып, киноөндіріс үдерісіне тартылуда. Сондай-ақ ол тек ірі қалалардан ғана емес, өңірлерден де жаңа есімдерді тарту маңызды екенін айтты, өйткені бұл бәсекелестік ортаны дамытуға және сапалы кадрлық резерв қалыптастыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, биыл Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 2024 және 2025 жылдардағы питчинг қорытындысы бойынша іріктелген 24 киножобаның өндірісін аяқтайды. Аталған жобаларды жүзеге асыру барысында «JARQYRA» базасындағы актерлерді белсенді тарту жоспарланып отыр. Бұл отандық кино саласында жаңа буын актерлерін қалыптастырып, саланың кадрлық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.