Жаңалықтар

«Joqtau» фильмі беделді кинофестивальдің бағдарламасына енді

Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Joqtau» фильмі беделді кинофестивальдің бағдарламасына енді. Қазақстандық режиссер Аруан Анартайдың дебюттік фильмі Locarno Film Festival Халықаралық кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қосылып отыр. Алғашқы көрсетілім 16 тамызда Швейцарияның Локарно қаласында өтпек.

Орталық Азия елдерінің тарихына қызығушылықтың артуына қарамастан, Еуропаның беделді кинофестивальдеріне фильмі ұсынылған қазақстандық авторлар аз. Роуд-муви жанрындағы фильмде қазақ даласы мен оның түкпіріне сапарға шыққан жандардың оқиғасы суреттеледі, басты кейіпкерлер бас кешкен оқиғалар ашық баяндалады.

Фильмдегі басты рөлдерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Исбек Әбілмәжінов, көрерменге «Қаш», «Патриоттар уақыты», «Сақтаушы» картиналары арқылы танылған, атышулы «Дәстүр» фильмінде ойнаған Ермек Шынболатов, сондай-ақ «Joqtau» фильмі – мансабындағы алғашқы жоба болған актриса Ирина Балкова сомдайды. Композитор Санжар Бәйтереков арнайы осы фильм үшін қазақтың ұлттық аспабы – қобызбен инструменталдық музыка жазды.

Айта кетейік, фильмнің продюсерлері – Аружан Досымқожа және Александра Сытник. Алдағы уақытта фильм халықаралық фестивальдерге ұсынылады, фильмді халықаралық кинобағдарламаларға, телеарналар мен стримингтік платформаларға сату бойынша да жұмыстар қолға алынбақ, сонымен қатар ұлттық премьера мен Қазақстан кинотеатрларына прокаттау жоспарланып отыр.