«Қажымұқан» фильмі Нью-Йоркте өткен халықаралық кинофестивальдің жеңімпазы атанды
2026-06-26 11:07
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Қажымұқан» көркем фильмі Нью-Йоркте өткен Follow Your Heart Film Festival NY 2026 халықаралық кинофестивалінде Best Feature Film («Үздік толықметражды көркем фильм») аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
Картина қазақ халқының даңқты перзенті, әлемге әйгілі балуан, грек-рим күресінен әлем чемпионы, ұлттық спорттың мақтанышы Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен тағдырына арналған. Фильмде тарихи тұлғаның күрделі өмір жолы, қайсар мінезі, елге деген адалдығы мен рухының беріктігі шынайы тарихи оқиғалар негізінде көркем бейнеленген.
Халықаралық қазылар алқасы фильмнің көркемдік деңгейін жоғары бағалап, режиссерлік шешімін, операторлық жұмысын, актерлердің шеберлігін, сондай-ақ отбасы құндылықтары, адам бойындағы қайсарлық пен туған жерге деген сүйіспеншілік тақырыптарының терең ашылғанын ерекше атап өтті.
Фильмнің режиссері – Қанағат Мұстафин.
Еске сала кетейік, «Қажымұқан» фильмі 2024 жылы ұлттық прокатқа шығып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, соңғы жылдардағы қазақстандық тарихи-өмірбаяндық фильмдердің маңызды туындыларының біріне айналды.